«ЖАҢА ОНЖЫЛДЫҚ - ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨРЛЕУ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ»
02.02.2010
Құрметті қазақстандықтар!
Ел тарихының ХХІ ғасырдағы аса бір күрделі кезеңі аяқталып келеді. Дүние жүзінің экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыс дауылы әлі басыла қойған жоқ. Алайда ол өзінің алғашқы алапат қуатынан айырылды. Біз тастүйін дайын болғандықтан, оның салдары біздің еліміз үшін соншалықты ауырға соққан жоқ.
Дағдарысқа дейінгі кезеңде біз Қытай, Үндістан және өзге де экономикасы қарыштап алға басқан мемлекеттер қатарында дамудың жоғары деңгейіне көтерілдік. Өйткені біз оған қалай қол жеткізуге болатынын білдік.
Бәрін дұрыс жоспарлап, сауатты іске асырғандықтан, біздің дамуымыз сәтті болды.
Біз жасампаздыққа жұмыла кіріскендіктен, дамудың даңғыл жолына түстік.
Толағай табыстарымен дүние жүзін мойындатқан Қазақстанның әлеуеті артып, экономикасы серпінді бола түсті.
Дамуымыздың маңызды алғышартына айналған Қазақстандық бірліктің өнегелі үлгісі ғаламшардағы мемлекет басшылары мен конфессия жетекшілерінен лайықты бағасын алды.
Осылайша Қазақстан қуатты да табысты мемлекетке айналып, өзінің бастамалары арқылы жоғары халықаралық беделге ие болды.
Жасампаздық қуатымен дүние жүзінде даңқы артқан Қазақстан әлемді өз жетістіктерімен таң қалдырды.
Сондықтан Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебелі миссиясы сеніп тапсырылды.
Біз жаңа онжылдығымызды әлемдік деңгейдегі осындай абыройлы тарихи оқиғамен бастадық.
Мен біздің алдағы барша жетістіктеріміз осындай жарқын болады деп сенемін.
Менің басты мақсатым – еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Бүгінгі Жолдауым осыған арналған. «Қазақстан – 2030» стратегиясын орындай отырып, біз алғашқы онжылдыққа бағдарлама жасап, оны тәмамдадық. Ендігі мақсат – осы Стратегияның келесі онжылдығына қарай қадам жасау.
Құрметті қазақстандықтар!
Елімізде азаматтық қоғам институттарын одан әрі қолдауға бағытталған саяси жаңғырту жалғаса береді.
Бүгінде біздің ынтымақтастығымыз ортақ табысымыздың міндетті шарты бола түсуде. Осы онжылдықта алдымызда бірлесіп атқаратын ауқымды істер тұр.
Мен Үкіметке Қазақстанның 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетуге 1 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылуы тиіс.
Өткен жылы мен осы мінберден еліміздің барлық саяси күштеріне дағдарыстың қиын кезеңінде елімізге және қоғамға қолдау көрсету үшін партияаралық диалогты орнықтыруды және бірігуді ұсынған едім.
Менің бастамам қолдау тауып, 7 саяси партия экономикалық дағдарыс жағдайында әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы Меморандумды бірлесе әзірлеп, оған қол қойды. Бұған үлкен ризашылығымды білдіремін.
Бұл – мәні зор елеулі оқиға. Біз осы кезеңдегі саяси риториканың байыпты, ал сынның көп жағдайда сындарлы екенін көріп отырмыз.
Бұл біз өмір сүріп, балаларымыз өсіп келе жатқан елімізде бейбітшілікті, тыныштық пен келісімді сақтаудың жалпыұлттық құндылыққа айналғанын білдіреді.
Енді партияаралық диалогтан нақты іс-қимылға көшетін кез келді. Өйткені, түптеп келгенде, кез-келген партия болсын, қоғамдық ұйым болсын барша қазақстандықтардың мүддесі үшін жұмыс істейді емес пе? Сондықтан мен барлық саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге елдің дамуы мен ұлттық бірліктің тиімді жолдарын іздестіруге септесетін өзара іс-қимылдың жаңа үлгісін әзірлеуді ұсынамын.
Бұл іс жүзінде барлық саяси күштерді Отан игілігі үшін жұмысқа жұмылдыратын болады. «Нұр Отан» партиясы бұл істе біріктіруші рөл атқаруы тиіс.
Болашаққа белгіленген орасан зор міндеттерді ұйыстырушы ұлттық стратегиясыз орындау мүмкін емес.
Егер біз табысқа жеткіміз келсе, онда мына төрт қағидатты басшылыққа алуға міндеттіміз:
Біріншіден, біздің ең басты құндылығымыз – ол Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан!
Екіншіден, мемлекет және оның әрбір азаматы қай жерде де қоғамның тұрақтылығы мен елдің әл-ауқатына кері әсерін тигізуі мүмкін кез келген қадамға бармауы тиіс.
Үшіншіден, экономикалық өрлеу – әрқайсымызға қатысты бүкілхалықтық іс. Бұл – қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешудің және баршамызды табысқа бастаудың кілті.
Төртіншіден, өңірлік және әлемдік нарықпен интеграциялану – дамудың аса маңызды шарты.
Қымбатты менің отандастарым!
Халқымызда «Ынтымақты елде бақ тұрар» деген дана сөз бар.
Біз қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге әйгіледік.
Біз толайым табыстарға қол жеткізіп, биік белестерді бағындырдық, алайда алар асуымыз әлі де алда.
Біз сияқты халқының саны аз, экономикасы даму үстіндегі елге технология ауадай қажет. Сонда ғана әлемнің алып мемлекеттері мен төңірегіміздегі елдер бізбен санасады.
Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу.
Келер ұрпақтың жүзін жарқын ететін бұл мақсатқа біз асқан табандылықпен ел бірлігін сақтай отырып қана қол жеткізе аламыз.
Мен осы күндері Қазақстанның бүкіл аумақтарынан мыңдаған хаттар мен жеделхаттар аламын. Әсіресе, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуына және атқарып жатқан жұмысыма байланысты көптеген хаттар келуде. Халықтың көңіл-күйін сіздер түсіну үшін соның біреуін оқып берейін:
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, қазақ бүгін Еуропаның төріне шықты. Бұл – бүкіл қазақ халқының қуанышы мен мақтанышы. 85 мыңнан астам халқы бар шекараның шебінде, елдің ең шетінде жатқан біз үшін қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың маңызы ерекше. Бұл – халықтың ең басты мақсаты мен мұраты. Қазақ қашан қарт Еуропаның төріне шықпақ түгілі, есігінен бұрын-соңды сығалап көріп еді? Өзіңізге, қазағымызға осы биік мәртебеде абырой берсін.
Бұл жақта еліміз – аман, жұртымыз – тыныш, ең бастысы, балаларымыздың ұйқысы бұзылған жоқ. Аузымызда – тәубамыз, қолымызда қауғамыз, халқымыздың ынтымақ-бірлігі қалыптасты. Берекеміз кіріп, ел тірлігі күннен-күнге ілгері басуда. Даламыз – дәнге, өрісіміз – малға, үй-ішіміз – жанға толды. Барлық ісіңізге Алла жар болсын». Райымбек ауданының құрметті азаматы Совет Оразаев.
Еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінен, батысы мен шығысынан келіп жатқан осындай мыңдаған қолдау хаттар біздің халқымыздың кеңдігі мен шыдамдылығын, сауаттылығы мен мол түсінігін, дүниеде болып жатқан оқиғаларды, ішкі және сыртқы жағдайды қарап, дұрыс аңғарып отырғандығын білдіреді.
Сондықтан дәл осындай санамен, біліммен және табандылықпен осы бағдарламаны орындауға қол жеткізуіміз керек. Ол жалғыз Президенттің немесе Парламет пен Үкіметтің ғана шаруасы емес.
Біз болашағымыздың жарқын болғанын көргіміз келеді. Олай болса, осы іске жеңді түріп кірісуіміз керек.
Ендеше, құрметті ағайын, ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын үлкен істе баршаңызға сәттілік тілеймін.
Рахмет.













